2022-2023 оқу жылы "Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық" алғашқы қоңырау салтанатты жиыны
Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отаншылдық
1-жүргізуші:
Мереке зор қуаныш - Білім күні,
Сыңғырла қоңыраудың алғашқы үні.
Қош келдің, құтты болсын қадамдарың,
Балдырған, балғын жандар - өмір гүлі. Бүгін, 1-қыркүйек білім күні. Тәуелсіз еліміз Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тарихындағы, сондай-ақ Қазақстанның әрбір азаматының, мектеп жасындағы баланың өмірдегі елеулі күні.Өйткені, білім күні – өз мектебін сүйетін және ұмытпаған адамдардың дәстүрлі мерекесі.
2-жүргізуші:
Құрметті ата - аналар, аяулы ұстаздар, қымбатты оқушылар. Міне, бүгінгі қызығы мен қиыншылығы мол, әр жылы қайталанбас тарихқа толы, оқушылардың сыныптан - сыныпқа көшіп және бірінші сыныпты аттағалы отырған мектепті асыға күткен мектептің мерекесі алғашқы қоңырау салтанаты. 1 - қыркүйек білім күніне арналған «Білімге ұмтылу еңбексүйгіштік және отаншылдық» атты салтанатты жиынымызға қош келдіңіздер.
Өмір бойы мектебімді жыр етем,
Бір өзіңде бақыт, бірлік, берекем.
Шәкірттерің өрістесін, өрлесін,
Құтты болсын Білім күнің – мерекең!
1-жүргізуші:
Қазақстан Республикасы тәуелсіз, егеменді мемлекет. Еліміз тәуелсіздікті 1991 жылы алды.Қазақстан мемлекеті өз егемендігін алған соң 30 тамызда 1995 жылы өз Ата Заңымыз қабылданды. 30-тамыз мемелекеттік мереке Конституция күні деп аталды.
2-жүргізуші:
Еліміздің тәуелсіздігін дәлелдейтінөз рәміздері бар. Мемлекеттің барлық азаматтарын- үлкендерде, балалар да-мемлекеттік рәміздерді, олардың символикаларын білуі және түсінуі тиіс. Өз еліңнің Туын, Елтаңбасын және Гимнін құрметтеу ол өз Отаныңды құрметтеу және сыйлау.
1-жүргізуші:
Алаулаған алабынан нұр тамып,
Қазақ елін бүкіл дүние жүр танып.
Көк байрағың желбірейді төріңде,
Әнұраның тұр көгіңде шырқалып. Қазақстан Республикасының Гимні шырқалсын.
(әнұран орындалады)
2-жүргізуші:
Салтанатты жиынымыздың алғашқы құттықтау сөзі мектебіміздің директоры Мустафина Гульчат Чайхановнаға беріледі.
Әдеби монтаж (4-5 сыныптар)
Ән: «Аяулы мектебім».
1-жүргізуші:
Біреулер енші алып өмірден,
Аттанбақ болса, асып қыр
Біреулер балғын көңілмен,
Алғашқы қадам басып тұр.
2-жүргізуші:
Айқара ашқан есігін,
Қайнары білім нұрының
Мектебің-алтын бесігің,
Жылы ұяң, міне бесігің.
Қаламсап алып қолыңа,
Достасарсың әріппен
Шуағың себер жолыңа,
Жан серігің – әліппең – бүгінгі мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 1-сынып оқушыларына сәтті қадам тілей отырып, ортаға шақырайық.
(1-сыныптар тақпақтарын айтады)
5-сыныптар әліппе мен кілт ұсынады.
1-жүргізуші: Құттықтау сөз кезегін бүлдіршіндеріміздің ата-анасына беріледі.
Қоңырау сыңғырла, асыға
Үн қосқан қиядан асуға
Білім ал, еңбек ет Жасұлан
Өрле сен, биік шың басына.
2-жүргізуші:
Жаңа оқу жылы құт болып,
Ізгілік оты жағылсын.
Бөбек пен түлек жұп болып
Алғашқы қоңырау қағылсын. Алғашқы қоңырау соғу 1 сынып оқушыларына берілсін
1-сынып оқушыларын ақ жол тілеп, алғашқы «Ел тірегі білімді, жас ұрпақ» атты тәрбие сағатына шығарып салайық.
(Ақжол арқылы 5 сыныптар 1 сыныптарды кемеге апарады. Кеме капитаны жолдама береді.)
1-жүргізуші:
Сыңғырла қоңырау, сыңғыр қақ
Жаңа оқу жылын ашқасын
Бал үнің сенің сырлы ырғақ
Сыныпқа бізді бастасын.
2-жүргізуші:
Қоңырау үні шарықта,
Өзіңнің сиқыр тіліңде.
Қызмет көрсет халыққа,
Шақырып өнер білімге.
Осымен 1-қыркүйек білім күніне арналған жиынымыз өз мәресіне жетті. Білім күні құтты болсын! Еліміз аман, беделі асқақ болсын!